АҚШ Иранның дрон тасымалдаушы кемесін қайта соққыға ұшыратты
@TengriNews
АҚШ-тың Орталық әскери басқармасы (CENTCOM) Иранның ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) тасымалдайтын ірі кемесіне жасалған жаңа соққы туралы хабарлады. Бұл кеме америкалықтардың Иранға қарсы бастаған операциясының алғашқы сағаттарында да зардап шеккен болатын.
Әскери басшылық жариялаған бейнежазбада зымыранның ірі ирандық кемеге тигені және оның үстінен қалың түтін көтерілгені көрсетіледі. CENTCOM мәліметінше, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі авианосец өлшеміндей болған бұл дрон тасымалдаушы кеме «қазір жанады».
Бұрынғы хабарлаулар бойынша, «Шаһид Бахман Бағыри» деп аталатын осы кеме АҚШ-тың 28 ақпанда басталған «Эпикалық ашу» операциясының басында да нысана болған. Оны контейнер тасымалдаушыдан 2022-2024 жылдар аралығында жеңіл авианосецтердегідей трамплинмен қиғаш ұшу палубасы қосылып, қайта жабдықтау арқылы жасаған.
Ирандық ресми БАҚ деректеріне сәйкес, кеме 60-қа дейін дрон тасымалдай алатын. Оның ұзындығы 170 метр болатын трамплин палубасы болды.
Бұдан бірнеше күн бұрын CENTCOM басшысы адмирал Брэд Купер АҚШ-тың Иран Әскери-теңіз флотына қарсы соққылары қарқындап жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде 30 ирандык әскери кеме жойылды.
Дереккөз: tengrinews.kz