Алматыда 400-ден астам компанияға жалған лицензия берілді
@TengriNews
Алматы қаласында құрылыс саласындағы лицензияларды заңсыз алу үшін жалған деректер енгізу схемасын ұйымдастырған тобы анықталды. Тергеу деректері бойынша, күдіктілер «Е-лицензирование» ақпараттық жүйесіне саналы түрде дұрыс емес мәліметтер енгізу арқылы әрекет еткен.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұл схеманың қызметі тоқтатылды. Оны Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының кейбір қызметкерлерімен сөз байласуда болған адамдар жүзеге асырған.
Тергеу барысында, 2021 жылдан бастап күдіктілер бақылауындағы компаниялар арқылы жүйеге өнеркәсіптік базалардың, арнайы техниканың және білікті инженерлік-техникалық кадрлардың бар екендігі туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізгені анықталды. Іс жүзінде бұл талаптар орындалмаған.
Нәтижесінде белгіленген біліктілік нормаларын айналып өту арқылы 400-ден аса заңды тұлға архитектура, қала құрылысы және құрылыс саласындағы I санаттағы лицензиялар алды.
Іздестіру шаралары кезінде тергеу үшін маңызы бар құжаттар мен заттар тәркіленді. Тергеу деректерінше, осындай «қызметтерді» ресімдеу үшін ұйымдастырушылар 2-ден 5 миллион теңгеге дейін сыйақы алған.
Тергеу жалғасуда.
Дереккөз: tengrinews.kz