Кувейттің Қазақстандағы жаңа елшісі сенім грамотасының көшірмелерін тапсырды
@МИД РК
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Кувейт Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Адиль Ахмед Сулайман әл-Гунайманмен кездесті.
Кездесу барысында Кувейт елшісі сенім грамотасының көшірмелерін тапсырып, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдетуге деген адалдығын растады.
Ә. Бақаев өз кезегінде Елшіні жауапты лауазымға тағайындағанымен құттықтап, оның миссиясы Қазақстан мен Кувейт арасындағы дәстүрлі достық және сенім негізіндегі қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Тараптар саяси диалогты белсендіру, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті нығайту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы өзара іс-кимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы жағдайды қоса алғанда, аймақтық және жаһандык күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Дереккөз: www.gov.kz