Италияда XIV Қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

2026 ж. 7 наурыз
Италияда XIV Қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

@МТИ РК

Италияның Верона қаласында XIV Қысқы Паралимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл жарыстарға 56 елден 600-ден астам спортшы қатысады. Қазақстан ұлттық құрамасы екі спорт түрінде сынға түседі. Пара биатлон және пара лыжа жарыстарына Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев пен Юрий Березин қатысады. Ал пара лыжа жарыстарында Нурлан Алимов, Анна Грачёва және Владислав Кобаль өнер көрсетеді.

Туризм және спорт вице-министрі Серик Жарасбаев спортшыларға сәттілік тілеп, барлық қазақстандықтарды оларды қолдауға шақырды. Ол: «Бұл Ойындар біздің құрамамыз үшін шеберлігін көрсету және ел намысын абыроймен қорғау үшін тағы бір маңызды мүмкіндік. Ұлттық команданың әрбір мүшесі осы жарыстарға дайындалу үшін ұзақ және қиын жолдан өтті. Олар күнделікті еңбекпен өз мүмкіндіктерін дәлелдеді және жоғары нәтижеге талпынуға дайын екенін көрсетті», – деп атап өтті.

XIV Қысқы Паралимпиялық ойындар Милан-Кортина-2026 6-15 наурыз аралығында өтеді. Жалпы пара лыжа жарыстары, пара биатлон, арбаша керлинг, пара сноуборд, таулы лыжа спорты мен пара хоккей бойынша 79 медаль жинағы таратылады.

7 наурызда Паралимпиялық ойындар бағдарламасы бойынша Қазақстан құрамасы пара биатлоннан 7,5 км спринтерлік жарыста сынға түседі. Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев пен Юрий Березин ел намысын қорғайды.

Дереккөз: www.gov.kz

Тегтер:Паралимпиялық ойындарҚысқы спортҚР ұлттық құрамасыВеронаСпортшыларПара биатлон
Қаралым: 5

Пікірлер (0)

Жүктелуде...
Келесі мақала жүктелуде...

Сондай-ақ оқыңыз