Ресей азаматтары Қазақстан банкін тонаған деп күдіктеліп тұтқындалды

@UlysMedia
Ресейдегі сот қаулысы бойынша, Қазақстанның «Halyq Bank» банкінің бөлімшесінен қымбат бағалы заттар мен ақшаны ұрлаған деп күдіктелетін төрт ресейлік азамат тұтқындалды. Оларға ұйымдасқан топпен ерекше ірі мөлшерде ұрлық жасау айыбы тағылады.
Материалдар бойынша, қылмыскерлер банк бөлімшесінің қабырғасында тесік жасап кіріп, шамамен 400 миллион рубль (ағымдағы бағам бойынша 2,6 миллиард теңге) құнындағы мүлкін тасып алған. Бұл әрекеттен 23 қазақстандық азамат залал шеккен.
Тұтқындалғандардың бірінің адвокаты Анастасия Терехова өз клиентінің және басқа да адамдардың тонаумен байланысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олар тек сол күні Павлодар қаласында болғаны үшін күдіктеледі, ал нақты дәлелдер жоқ.
«Менің клиентім, оның танысы және тағы екі ресейлік азамат тек сол күні Павлодарда болғандықтары үшін айыпталуда. Басқа ешбір дәлел жоқ, тіпті осы екі жұп ресейліктің өзара байланысы да анықталмаған», – деді адвокат.
Терехованың сөзіне қарағанда, оның клиенті мен танысы Ресейге сату мақсатында машиналар қарау үшін Павлодарда болған.
Күдіктілер осы жылдың қаңтар айында павлодарлық және ресейлік оперативтік топтардың бірлескен операциясы нәтижесінде ұсталды.
Дереккөз: ulysmedia.kz