Қытай компаниясы Өзбекстанда 30 ұңғыма қазайтады

@UZDaily
«Өзбекнефтегаз» акционерлік қоғамы Қытайдың «XIBU» компаниясымен стратегиялық келісімге қол қойды. Келісімшарт бойынша 2026–2027 жылдары Өзбекстан аумағында 30 ұңғыма бұрғыланады.
Бұл шара екі елдің мұнай-газ саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық жоспарының алғашқы кезеңі болып табылады. Жоспарға сәйкес, 2026–2029 жылдар аралығында елде барлығы 105 іздестіру-барлау және пайдалану мақсатындағы ұңғымалар салынады.
Келісім «Өзбекнефтегаз» АҚ Басқарма төрағасы Абдугани Сангиновтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында жасалды. Сапар аясында мұнай-газ өнеркәсібінің ірі компанияларымен де келіссөздер жүргізілді.
«XIBU» компаниясы – CNPC корпорациясының құрамына кіретін және әлемдегі төрт ірі мұнай-газ компаниясының бірі. Компания бұрғылау жұмыстарын орындау үшін әрқайсысының көтергіш қуаты 450 тонна болатын 10 бұрғы қондырғысын пайдаланады.
Жаңа ұңғымалар табиғи газ қоры анықталған перспективалы учаскелерде орналастырылады. Олар сейсмикалық зерттеулер нәтижесінде анықталған және тереңдігі 5500–6000 метрден асатын болып есептеледі.
Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған ұңғымаларда геологиялық жағдайлар өте күрделі: қысым 1000 атмосфераға дейін, ал температура 200°C-қа дейін жетеді.
Жобаны іске асыру күрделі жағдайда бұрғылау қауіпсіздігін арттыру, апаттарды болдырмау, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту, газ қорын өсіру және Өзбекстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін стратегиялық маңызы бар.
Дереккөз: www.uzdaily.uz