Токаев Сауд Арабиясының королі мен мұрагер ханзадасын құттықтады
@TengriNews
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбділ-Азиз әл-Сауд пен мұрагер ханзада, премьер-министр Мұхаммед бен Салман әл-Саудқа патшалықтың негізін қалау күніне орай құттықтау телеграммаларын жолдады.
Мемлекет басшысы телеграммаларында Сауд Арабиясын ислам әлеміндегі және Таяу Шығыстағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Екі ел арасындағы достық байланыстар мен өзара сенімге негізделген көпсалалы ынтымақтастық болашақта да халықтар пайдасына белсенді дами беретініне сенім білдірді.
Президент Сауд Арабиясының королі мен мұрагер ханзадасына жауапты қызметтерінде табыс, ал сауд халқына гүлдену мен береке тіледі.
Сауд Арабиясының негізін қалау күні әр жыл сайын 22 ақпанда атап өтіледі. Бұл ресми мемлекеттік мереке 2022 жылы белгіленді. Ол 1727 жылы имам Мұхаммед бин Саудтың бірінші Сауд мемлекетін (Дирия эмираты) құруына арналады. Негізін қалау күні мемлекеттілік, бейбітшілік пен тұрақтылық дәуірінің басталуын бейнелейді.
Дереккөз: tengrinews.kz