Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді

@МВР РК
Қазақстанда Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді. Бұл бастамаға Қоқарал бөгетін қайта құру және суару жүйелерін жаңғырту кіреді.
Жобаны Әлемдік банкпен бірлесіп ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі дайындады. Оның негізгі мақсаты – Қоқарал бөгетін реконструкциялау арқылы Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық биіктік жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру. Нәтижесінде су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға, ал су көлемі 34 миллиард текше метрге дейін өсуі көзделуде.
Сонымен қатар, министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің суару жүйелерін жаңғырту мен автоматтандыру бойынша 160-тан астам жоба-сметалық құжаттаманы дайындаумен айналысуда. Бұл шаралар су ресурстарын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді, ал үнемделген су көлемдері Солтүстік Аралға бағытталады.
Жобаны халықаралық қаржы институттарымен жұмыс үшін ҚР Премьер-Министрі төрағалығымен құрылған Координациялық кеңес отырысына талқылауға ұсыну бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026–2029 жылдар.
Соңғы үш жыл ішінде Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін үйлестіргенге, сондай-ақ мемлекетаралық келісімдерді қатаң орындағанға орай, Солтүстік Арал теңізіне арналған су ағыны 6 миллиард текше метрден асады. Нәтижесінде Солтүстік Аралдың су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 миллиард текше метрден 2025 жылдың соңында 23 миллиард текше метрге дейін өстi.
«Мемлекет басшысы Солтүстік Арал теңiзiн сақтау мәселесiнiң маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерi арасында шекаралас су объектілерiн бірлескен басқару мен ұтымды пайдалану туралы Келісімге қол қойылды. Орталық Азия елдерi үшiн Солтүстiк Аралды сақтау мен қалпына келтіру – экологиялық ғана емес, сонымен қатар əлеуметтік жəне стратегиялық мəселе», – деп белгiледi Су ресурстары мен ирригация министрi Нұржан Нұржигитов.
Дереккөз: www.gov.kz