Қазақстан мен Грузия логистиканы дамыту және тауар айналымын арттыру туралы келісті

@МИД РК
Тбилисиде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың ресми сапары аясында Грузияның Премьер-Министрі Ираклий Кобахидземен кездесу өтті.
Келіссөздер барысында саяси диалогты одан әрі нығайтуға және жоғары деңгейде қабылданған шешімдерді іске асыруға дайындық расталды. Екіжақты қатынастардың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзекті мәселелері талқыланды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 184,5 млн долларды құрағанын ескере отырып, тараптар оны арттыру үшін практикалық шаралар қабылдау қажеттілігін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар логистика, инфрақұрылым және сауда сияқты салаларда тікелей инвестицияларды өзара көбейтуге және бірлескен жобаларды іске асыруға деген қызығушылығын білдірді.
«Қазақстан Каспий-Қара теңіз бассейніндегі маршруттарды дамыту бойынша Грузиямен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Осы контексте жүк тасымалдауын жүзеге асыру кезінде екі елдің теңіз порттарының мүмкіндіктерін пайдалану маңызды», – деді Е. Көшербаев.
Өзара әрекеттесудің негізгі басымдықтарының бірі ретінде Транскаспийлік халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) одан әрі дамуы белгіленді.
Ерекше назар Қазақстан инвесторларының қатысуымен грузин порты Потиде жаңа мультимодалды терминал іске қосу жобасына аударылды. Бұл терминал жүк тасымалы көлемдерін арттыруға ықпал етеді және «Орта дәліз» логистикалық тізбегінде маңызды буын болады.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, туризм және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы басқа да бірқатар мәселелер талқыланды. Сондай-ай, тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті сұрақтары бойынша пікір алмасты.
Дереккөз: www.gov.kz