Түркияның Балыкесир қаласында F-16 истребителі құлады, ұшқыш қаза тапты
@TengriNews
Түркияның Балыкесир қаласындағы 9-шы негізгі реактивті авиабазаға жататын F-16 истребителі жоспарлы ұшу кезінде апатқа ұшырады. Оқиға жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 00:50 шамасында орын алды.
Ұшақ радардан жергілікті уақыт бойынша 00:56-да жоғалып, онымен байланыс үзілді. Дереу іске қосылған іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ұшақтың сынықтары табылды. Апаттан кейін аймаққа құтқарушылар мен тергеушілер тобы жіберілді.
Ұшқыш апат салдарынан қайтыс болды. Балыкесир әкімі Исмаил Устаоглу оның отбасына жанашырлық білдірді.
Түркия Қорғаныс министрлігі ұшақтың сынығын тапқанын растады. Апат себептерін анықтау мақсатында тергеу басталды.
Апат Балыкесирдің Наипли ауданы маңында болғандықтан, автомобильдер қозғалысы үшін тас жол уақытша жабылды.
Дереккөз: tengrinews.kz