G7 елдері мұнай қорын босатуға дайын

2026 ж. 9 наурыз
G7 елдері мұнай қорын босатуға дайын

@TengriNews

АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысынан туындаған энергетикалық дағдарыс жағдайында G7 елдерінің қаржы министрлері ұлттық мұнай қорларының бір бөлігін нарыққа шығаруға даярлықтарын білдірді. Бірақ, соңғы шешім әлі де қабылданбады.

Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада және Жапонияны қоса алғандағы G7 елдерінің министрлері бірлескен мәлімдемеде: «Біз қажетті шараларды қолдануға, соның ішінде энергия ресурстарының жаһандық жеткізуін қолдау үшін резервтерді босату сияқты әдістерге дайынбыз», – деп атап өтті.

Дегенмен, француз жағы мүмкін болатын осындай шара туралы шешімнің әлі де қабылданбағанын ескертті. G7 тобының онлайн-кездесуіне Халықаралық энергетикалық агентство (ХЭА) басшысы Фатих Бірол де қатысып, министрлерге әлемдік мұнай нарықтарындағы нашарлап бара жатқан жағдай туралы хабарлады.

32 мемлекеттен тұратын ХЭА-ның мүше елдерінде 1,2 миллиардтан астам баррель стратегиялық мұнай резервтері сақтаулы. Бұл көлемге тағы 600 миллион баррель өнеркәсіптік қорлар қосылады. Агентство мүшелері стратегиялық резервтерді нарықты тұрақтандыру немесе жеткізу тапшылығына жауап беру үшін дағдарыстық жағдайларда ғана пайдаланады және бұл шара өте сирек колданылады.

Бұдан бұрын Франция президенті Эммануэль Макрон Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін теңіз операциясын жүргізу үшін Жерорта теңізіне әскери кемелер жіберетінін жариялаған еді.

Дереккөз: tengrinews.kz

Тегтер:G7мұнайэнергетикалық дағдарысстратегиялық резервХалықаралық энергетика агентствоОрмуз бұғазы
Қаралым: 3

Пікірлер (0)

Жүктелуде...
Келесі мақала жүктелуде...

Сондай-ақ оқыңыз