Ресейде соғысқа қарсы пікірі үшін 4 мыңнан астам адамға іс қозғалды

@UlysMedia
Адам құқықтарын қорғаушылардың есептеулері бойынша, 18 ақпанға қарай соғысқа байланысты саяси себептермен кем дегенде 4029 адамға қарсы істер қозғалған. Бұл тізімде Ресей азаматтары да, украиндіктер де бар.
Қудаланатындардың шамамен үштен бірі Украина азаматы болып табылады. Қорғаушылардың мәліметінше, олар кемінде 551 украиндік азамат пен 726 украин әскери қызметшісінің есімдерін біледі. Соғыс басталғаннан бері кем дегенде 39 украиндік өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Барлығы 3059 адам қамауда отыр. Ресей соттары осындай істер бойынша 2730 үкім шығарды. Оның 2302 жағдайда нақты бас бостандығынан айыру туралы шешім болды. Зерттеудің авторы ескертетіндей, осы істер бойынша актау үкімдері болмады.
Ең көп іс Курск облысында тіркелген – 346 адам. Одан кейін Ресей бақылауындағы Донецк облысының бөлігі (289), Мәскеу және Мәскеу облысы (249), сондай-ақ аннексияланған Қырым (212) тұр. Барлығы басып алған аумақтарда – Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында, сондай-ақ Қырым мен Севастопольде – 899 адам қудаланды.
Ресей азаматтарына жиі мемлекеттік сатқындық (473 адам), террорлық акт жасау (317) және терроризмге шақырту немесе оны актау (298) үшін айып тағылса, украиндіктерге негізінен мемлекеттік сатқындық (199), терроризм (159) және тыңшылық (125) жасау үшін жауапкершілік жүктеледі.
Украинадағы соғыстың басталуының төртінші жылдығы алдында президент Владимир Зеленский BBC-ге берген сұхбатында ел аумағындағы соғыс әрекеттерін жаһандық конфликттің басталуы деп сипаттады. Оның сөздерінше, Владимир Путин Үшінші дүниежүзілік соғысты бастап қойған – тек ол ресми түрде жарияланбаса да.
Дереккөз: ulysmedia.kz