Әзірбайжан Иранды дрон шабуылымен айыптады және жауап шараларын қолдануға құқығы бар екенін мәлімдеді
@TengriNews
Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі Нахчыван қаласындағы әуежай аумағына ирандық дрондардың құлауына байланысты мәлімдеме жасады. Ресми өкілдердің айтуынша, наурыздың 5-інде күндіз Иран аумағынан Әзірбайжан Республикасының Нахчыван Автономиялық Республикасына дрондармен шабуыл жасалған.
Бір ұшқышсыз аппарат әуежай терминалының ғимаратына тиіп, екіншісі Шакерабад ауылындағы мектеп ғимаратының жанына құлаған. Оқиға нәтижесінде әуежай ғимараты зақымданып, екі тұрғын жарақат алды.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде бұл әрекеттер қатаң айыпталды: «Біз Ислам Республикасы Иран аумағынан жасалған осы ұшқышсыз аппараттар шабуылдарын қатаң сынаймыз. Бұл Әзербайжан Республикасы аумағына шабуыл халықаралық құқық нормалары мен принциптерін бұзады және аймақтағы шиеленісті арттырады» делінген.
Әкімшілік Ираннан орын алған оқиғаға нақты түсініктеме беруді, тиісті тергеу жүргізуді және болашақта осындай шабуылдарды болдырмау үшін қажетті шұғыл шараларды қабылдауды талап етті.
Мәлімдемеде Әзербайжан тарапының тиісті жауап шараларын қолдану құқығын сақтайтыны да атап өтілді.
Сонымен қатар, Әзербайжандағы Иранның Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Демирчилу Сыртқы істер министрлігіне шақырылғаны хабарланды. Оған шешімді наразылық білдіріліп, сәйкес нота табыс етіледі.
Дереккөз: tengrinews.kz