Алматы облысындағы 150 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды

@МСХ РК
Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті Қонаев қаласының әкімдігінің қызметін кезектен тыс тексеруден өткізді. Тексеруге жер учаскесін беру заңдылығы туралы мәселелер себеп болды.
Тексеру барысында жалпы аумағы 150 мың гектар болатын жер учаскесі тұрғын-сауықтау кешені мен зоологиялық парк орналастыру үшін берілгені анықталды.
Жер учаскесін беру кезінде Жер кодексінің талаптары бұзылған: учаскені бөлу қаланың жалпы жоспары ережелеріне қайшы келген.
Қонаев қаласының әкімдігіне берілген бұйрық белгіленген мерзімде орындалмады. Осыған байланысты прокуратура Қонаев қалалық сотына талаппен жүгінді. Сот процесі барысында Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері үшінші тарап ретінде отырысқа қатысып, анықталған жер заңнамасын бұзу фактілері бойынша түсініктеме берді.
Істі қарау нәтижесінде сот талапты толығымен қанағаттандырды. Сот шешімімен коммерциялық мақсаттағы жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Дереккөз: www.gov.kz